Қазақстан Республикасы “ҚазОРҒЗИ” АҚ Басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Ербол Жасұланұлы Бекмұхамбетов Атырау облысына жұмыс сапарымен келді.
Іссапар аясында басқарма төрағасы Атырау облыстық онкология орталығында болып, ұжыммен кездесті. Ербол Жасұланұлы орталықтың материалдық-техникалық жағдайымен, диагностикалық және емдеу үдерістерінің барысымен танысты. Сондай-ақ дәрігерлермен ашық диалог құрып, өңірдегі онкологиялық ахуалды, скрининг және ерте диагностика бойынша өзекті мәселелерді талқылады.
Сапар барысында ҚазОРҒЗИ басшысы облыста салынып жатқан радиология корпусының құрылыс алаңына барып, жобамен танысты. Медициналық инфрақұрылымды дамыту бағытында ұсыныстарын айтып, онкологиялық көмекті жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар берді.
Бұл сапар Атырау өңіріндегі онкологиялық қызметтің сапасын арттыруға және ғылыми-тәжірибелік байланыстарды нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды.