Главная Новости Қазақстанда «Қызғылт қазан» айлығының қорытындысы шығарылды: 8 мыңнан астам әйел ерте диагностикалаудан өтті

Қазақстанда «Қызғылт қазан» айлығының қорытындысы шығарылды: 8 мыңнан астам әйел ерте диагностикалаудан өтті

от Ернур

Қазан айында еліміздің барлық өңірлерінде сүт безі обыры туралы халықтың хабардарлығын арттыруға бағытталған республикалық «Қызғылт қазан» науқаны өтті. Шараны Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты, 20 өңірлік онкоорталықтың қатысуымен ұйымдастырды.

Науқан аясында онкологиялық орталықтар мен емханаларда ашық есік күндері, кәсіпорындарда көшпелі тексерулер, әйелдерге арналған дәрістер мен кеңестер өткізілді. Ерте анықтауға ерекше назар аударылды. Ал ірі кәсіпорындар профилактикалық мәдениетті қолдап, жұмыс орындарында дәрігерлермен кездесулер мен тексерулер өткізу үшін өз алаңдарын ұсынды.

Медициналық шаралармен қатар, символдық акциялар да ұйымдастырылды — флешмобтар, жаппай жүгірулер мен тауға көтерілу іс-шаралары дәрігерлерді, пациенттерді және қоғам өкілдерін біріктірді. Ел бойынша мемлекеттік мекемелер мен бизнес-орталықтардың ғимараттары қызғылт түспен жарықтандырылды — бұл сүт безі обырымен күрестегі ынтымақ пен бірліктің белгісі болды.

Сонымен қатар ауқымды ақпараттық жұмыс жүргізілді: халықтың онкологиялық қырағылығын арттыру және скринингті насихаттау мақсатында 10 баспасөз конференциясы мен 55 іс-шара өткізілді. Телерадиоарналарда, баспа БАҚ-та, ақпараттық порталдар мен әлеуметтік желілерде 1200-ден астам материал жарияланды. Білім беру ұйымдарында және еңбек ұжымдарында тұрғындарға арналған 871 дәріс, ал медицина қызметкерлеріне арналған 295 оқыту семинары өткізілді.

Науқанға блогерлер мен пациенттер де белсене қатысты — олар өздерінің сауығу тарихымен бөлісіп, әйелдерді дәрігерге уақытылы қаралуға шақырды.

23–24 қазанда Алматыда Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты базасында «KazONCO: Онкомаммология» халықаралық ғылыми-практикалық форумы өтті. Бұл алаң Қазақстан, Грузия, Өзбекстан, Сингапур, Қытай және АҚШ мамандарының тәжірибе алмасуына мүмкіндік берді. Форумға 200-ден астам жетекші онколог, радиолог, хирург және зерттеушілер қатысты.

Ашық есік күндерінің қорытындысы бойынша маммографияны қоса алғанда, 3440 зерттеу мен талдау жүргізілді. 629 әйелде онкологиялық және обыр алды аурулар анықталды, 2573 әйелде басқа патологиялар табылды.

«Қазақстандағы ауқымды «Қызғылт қазан» науқаны сүт безі обырының алдын алу мен ерте анықтау мәдениетін арттырудың тиімді тетігі екенін көрсетті. Ендігі міндетіміз — қол жеткізілген нәтижелерді бекітіп, ерте диагностика жүйесін күшейтіп, профилактиканы әр әйелдің өмір салтына айналдыру», — деді Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының Басқарма төрағасы Ербол Бекмұхамбетов.

Вас может заинтересовать

Оставить комментарий

Настройки доступности