Өкпе обыры – Қазақстанда да, әлемде де онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітімнің ең жиі себептерінің бірі. Негізгі мәселе – аурудың кеш анықталуы: науқастардың басым бөлігінде диагноз тым кеш қойылып, емдеу ағымды тек уақытша тежей алады.
Қазақстанда өкпе обыры туралы хабардарлықты арттыру айы жалғасуда. Оның аясында 22 қарашада еліміздің барлық онкологиялық орталықтарында Республикалық Ашық есік күні өтеді, ал Жетісу облысында Ашық есік күні 29 қарашада ұйымдастырылады. Әрбір қазақстандық онкологқа жолдамасыз және тегін қарала алады өзімен бірге жеке куәлігін алып келуі жеткілікті.
Мамандардың айтуынша, дәрігерге уақытылы қаралу және темекіден бас тарту өкпе обырынан болатын өлім-жітімді айтарлықтай төмендететін негізгі факторлар болып қала береді.
Статистика да мәселенің ауқымын айқын көрсетеді. Халықаралық обырды зерттеу агенттігінің (GLOBOCAN) деректеріне сәйкес, жыл сайын әлемде өкпе обырының шамамен 2,2 миллион жаңа жағдайы тіркеледі. Дамыған елдерде бұл ауру бойынша бес жылдық өмір сүру көрсеткіші 30 пайыздан аспайды, бұл көптеген басқа онкологиялық аурулармен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Қазақстанда да жағдай күрделі: ҚазОРҒЗИ деректеріне сәйкес, диспансерлік есепте 7 350 пациент бар, олардың шамамен 37 пайызы диагноз қойылғаннан кейін бірінші жылдың ішінде қайтыс болады. Бұның басты себебі – аурудың III–IV сатыларында анықталуы.
Ауруды ерте кезеңде байқап қалу үшін мамандар ағзаның кез келген дабыл белгілеріне мұқият қарауға кеңес береді.
Қандай белгілер сақ болуға тиіс?
Төмендегі симптомдар байқалса, міндетті түрде дәрігерге қаралу қажет:
• төрт аптадан астам созылатын тұрақты жөтел;
• қалыпты физикалық жүктемеде енетін ентігу;
• кеудедегі ауырсыну немесе қысым сезімі;
• инфекция белгілері жоқ қарлығу;
• жиі қайталанатын бронхит және пневмония;
• салмақтың түсіп кетуі, созылмалы әлсіздік;
• қан түкірудің кез келген түрі.
Осы белгілердің біреуі байқалса да, әсіресе қауіп тобына жататын адамдарға дәрігерге қаралған жөн.
Диагностика мәселесіне келсек, мамандардың айтуынша, ауруды ерте анықтаудың ең тиімді тәсілдерінің бірі – жоғары қауіп тобына кіретін адамдарға (ең алдымен ұзақ жылдар бойы темекі шегетіндерге) арналған төмен дозалы компьютерлік томография (ТДКТ) скринингі. ҚазОРҒЗИ-да жыл сайын шамамен 10 000 пациент тексеріліп, ем алады, олардың 30 пайызы – өкпе обырымен ауыратындар. Жыл сайын 1 400-ден астам науқас мамандандырылған көмек алады, олардың 35 пайызы хирургиялық ем қабылдайды.
Бүгінде өкпе обырын емдеу әдістері әр пациенттің жағдайына жеке бейімделе отырып таңдалады. ҚазОРҒЗИ дәрігерлері бірнеше маңызды бағытты белсенді енгізіп отыр:
Таргеттік терапия. Бұл – белгілі генетикалық мутациялар анықталған жағдайда ісікке дәл әсер ететін препараттар. Олар 2–3 апта ішінде ісіктің көлемін кішірейтуге мүмкіндік береді және классикалық химиотерапияға қарағанда жанама әсерлері әлдеқайда жеңіл.
Иммунотерапия. Заманауи иммунопрепараттар ағзаның өз иммундық жүйесін белсендіреді, рак клеткаларын тануға және жоюға көмектеседі. Бұл әдіс метастаздық кезеңде де тиімділігін дәлелдеген.
Комбинациялық тәсілдер. Аурудың кеш сатыларында сәулелік терапия мен иммунотерапияны, наноформаттағы химиотерапияны, сондай-ақ ісік жасушалары негізіндегі вакциналық технологияларды біріктіретін кешенді ем қолданылады. Мұндай тәсіл жалпы ем нәтижесін айтарлықтай күшейтеді және аурудың өтуін тұрақтандыруға мүмкіндік береді.
Заманауи технологияларды кешенді қолданудың арқасында ерте анықталған өкпе обырында бес жылдық өмір сүру көрсеткіші айтарлықтай өсіп отыр: екінші сатыда – 53 пайызға, үшінші сатыда – 26 пайызға дейін.
Алайда ең басты қауіп факторы бұрынғыша темекі шегу болып қала береді. Өкпе обырымен ауыратын науқастардың 80 пайыздан астамы – темекі тартатын немесе бұрын тартқан адамдар. ҚазОРҒЗИ-дың торакалды хирургі Бауржан Оспанович Иманбековтың айтуынша, темекіден бас тарту – бұл аурудың алдын алудағы ең маңызды қадамдардың бірі. Тіпті диагноз қойылғаннан кейін де темекіні тоқтату емнің тиімділігін арттырып, аурудың өршу қаупін төмендетеді.
Темекіден бас тартудан бөлек, онкологтар салауатты өмір салтын ұстануға кеңес береді: дұрыс тамақтану, жеткілікті физикалық белсенділік, зиянды заттармен жанасқанда қорғаныш құралдарын пайдалану және жоспарлы медициналық тексерулерден өтіп тұру – бәрі де аурудың алдын алуда маңызды рөл атқарады.
Соңында айта кетерлігі, өкпе обырын емдеудегі басты фактор – ерте диагностика. Ауруды уақытылы анықтау емді дер кезінде бастап, ұзақ мерзімді ремиссияға қол жеткізу мүмкіндігін едәуір арттырады және өмір сапасын сақтап қалуға көмектеседі.
Өзекті ақпарат пен мамандардың кеңестерін біздің Telegram-арнамыздан оқи аласыз.

















