5–6 желтоқсанда Қазақ онкология және радиология ҒЗИ базасында «KazONCO: Онкогематология және кардиоонкологияның өзекті мәселелері» атты халықаралық форум өтті. Іс-шара отандық және шетелдік онкология, онкогематология және кардиоонкология саласының жетекші мамандарын біріктірді. Форум тәжірибе алмасуға, заманауи клиникалық тәсілдерді талқылауға және салалараралық өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған.
Форумға 120 маман және 242 онлайн-қатысушы қатысты, соның ішінде клиницистер, зерттеушілер, кардиологтар, Еуразия онкологтары консорциумы мен Еуразия кардиоонкологтары қауымдастығының өкілдері болды. Германия және Ресейден келген шетелдік сарапшылар кардиоуыттылықты алдын алу және диагностикалау бойынша халықаралық тәжірибемен бөлісті.
Қазақстандағы онкологиялық қызметтің негізгі көрсеткіштері ұсынылды:
- 2024 жылы қатерлі ісіктердің 41 292 жаңа жағдайы анықталды (2022 ж. — 36 345).
- 230 947 пациент есепте тұр.
- Дәрілік терапияны 55 482 пациент алды.
- Онкогематология: 2 252 жағдай (100 мың тұрғынға шаққанда 11), 5-дәрежелік орын.
- Химиотерапиялық бейінде 1500 төсек орын ашылды, тәулік бойы және күндізгі стационарлар жұмыс істейді.
- Салада 165 химиотерапевт маман еңбек етеді.
Бұл деректер талқыланған бағыттардың өзектілігін және онкологиялық көмек жүйесін одан әрі дамыту қажеттілігін көрсетті.
Пленарлық және секциялық отырыстар барысында пациенттердің қауіпсіздігі және кардиоуыттылықтың алдын алу, онкологиялық және кардиологиялық қызметтер арасындағы клиникалық бағыттарды дамыту; дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің қазіргі заманғы тәсілдері; кардиоуыттылықты ерте анықтау және функционалдық диагностиканың рөлі; «Кардиоонкология» блогы бойынша Жол картасын іске асыру барысы қаралды.
Шетелдік сарапшылардың баяндамалары қатысушылардың ерекше назарын аударды. Сессия барысында кардиоуыттылықты болдырмау тәжірибесі, тәуекелді стратификациялаудың заманауи тәсілдері, кардиоонкологияда жасушалық технологиялар мен фотодинамикалық терапияны қолдану мүмкіндіктері талқыланды. Балалар мен жас ересектерді емдеу, онкопациенттерді операция алдында даярлау мәселелері, сондай-ақ атерогенез бен канцероматоздың жалпы механизмдерін талқылау жеке бағыт ретінде қаралды.
Форум қорытындысында сарапшылар:
- салалараралық өзара іс-қимылды кеңейту;
- кардиоонкология бойынша білім беру бағдарламаларын дамыту;
- халықаралық ұсынымдарды ұлттық клиникалық тәжірибеге бейімдеу;
- кардиоуыттылыққа қатысты біртұтас дерекқор құру;
- кардиоонкология және онкогематология саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын күшейту қажеттілігін атап өтті.
Форум кардиоонкологиялық көмектің жүйесін нығайтуға және Қазақстандағы онкологиялық қызметті жетілдіруге ықпал ететін маңызды кәсіби алаңға айналды.





























