Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының Басқарма төрағасының орынбасары Айша Молдашева Онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында онкологиялық қызметті жаңғырту және радиациялық онкологияны дамыту туралы айтып берді.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанда 22 желілік жеделдеткіш және 20 гамматерапевтикалық аппарат жұмыс істейді, ал 2024 жылы еліміздің бірқатар өңірлерінде қосымша алты жаңа желілік жеделдеткіш пайдалануға берілді. Бұл пациенттерді сәулелік терапиямен қамтуды 65 пайызға дейін ұлғайтуға және белгіленген мерзімде емдеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
«Жаңа қондырғыларды енгізу сәулелік терапияның заманауи технологияларын — бейімделу терапиясын, 4D-гейтинг, стереотаксикалық әдістемелерді енгізуге мүмкіндік берді. Осының бәрі емдеудің дәлдігін арттырады, сау тіндерге жүктемені азайтады және терапияны неғұрлым қауіпсіз әрі тиімді етеді», — деп атап өтті Айша Молдашева.
Ол сондай-ақ 2025 жылдың 1 қазанынан бастап томотерапия жоғары технологиялық медициналық көмек тізімінен мамандандырылған медициналық көмек тізіміне көшірілгенін және қазір тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінде қала отырып, стационарды алмастыратын деңгейде көрсетілетінін түсіндірді. Бұл шешім бірінші кезекте сәулелік терапияның сапасын арттыруға бағытталған.
Бұдан басқа, онкологиялық қызметті жаңғырту шеңберінде радиациялық онкология саласындағы мамандардың біліктілігін арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. 2024-2025 жылдары Испания, Франция және Түркияның жетекші онкологиялық орталықтарында шетелдік тағылымдамаларды қоса алғанда, радиациялық онкологтар мен медициналық физиктерге арналған кәсіптік оқыту бағдарламалары іске асырылды. Бұл клиникалық тәжірибеге халықаралық стандарттарға сәйкес келетін сәулелік терапияның заманауи тәсілдері мен озық технологияларын енгізуге мүмкіндік берді.

















