Қуық асты безінің обыры көбінесе 50 жастан асқан ерлерде анықталады. Көп жағдайда науқастар дәрігерге аурудың кеш сатысында жүгінеді. Ал онколог мамандардың айтуынша, дерттің 1–2-сатысында хирургиялық араласу арқылы толық емдеуге болады. Осындай кезекті операцияны Алматы және Павлодар қалаларының дәрігерлері шеберлік сабағы аясында бірлесе жүргізді, деп хабарлайды ertistv.kz.
Алматылық маманның Павлодарға сапары Қазақстан онкоурологтар қауымдастығының ашылуы мен онкология мектебінің өткізілуі аясында ұйымдастырылды. Бағдарлама аясында науқастар үшін ашық есік күні, әріптестерге арналған лекция, ерте диагностика тәсілдері, заманауи дәрі-дәрмектер мен еліміздің клиникалық тәжірибесіне енгізіліп жатқан аз инвазивті емдеу әдістері таныстырылды. Сапардың негізгі мақсатының бірі – шеберлік сабағын өткізу. Оның аясында 62 жастағы науқасқа «қуық асты безінің обыры, екінші саты» диагнозымен лапароскопиялық операция жасалды.
Дәрігерлердің айтуынша, аз инвазивті әдіс оңалту мерзімін қысқартуға және асқыну қаупін азайтуға мүмкіндік береді. Науқас отадан кейінгі келесі күні-ақ аяғына тұрып, жетінші күні ауруханадан шығарылады.
Жылына бөлімше күшімен осындай 15-ке жуық операция жасалады, оның 60 пайызы лапароскопиялық әдіспен орындалады. Емдеу тәсілі науқастың жасына және аурудың сатысына байланысты таңдалады. «Егер операциядан кейінгі болжалды өмір сүру ұзақтығы 10 жыл және одан көп болса – хирургиялық ем қолданылады. Қалған жағдайларда гормондық және сәулелік терапияға басымдық беріледі», – деді дәрігер.
2025 жылдың алғашқы алты айында Павлодар онкологиялық диспансерінде «қуық асты безінің обыры» диагнозымен 46 адам есепке алынған. Жалпы, осы дертпен диспансерлік бақылауда 568 пациент тұр.
Дереккөз: https://pavon.kz/post/view/90997