Бүгін Қазақстанның барлық онкологиялық орталықтарында жатыр мойны қатерлі ісігінің алдын алу аясында Бірыңғай ашық есік күні өтті, оның барысында 1329 әйел тегін тексеруден және мамандардың кеңесінен өту мүмкіндігіне ие болды.
Бұл күні онкологтар әйелдерге қорғанудың қарапайым, бірақ өмірлік маңызы бар шаралары – адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинация, тұрақты тексерулер мен скрининг туралы еске салды.
Ашық есік күні барысында 1329 әйел тексерілді: 50 қатерлі ісік, 121 қатерлі ісік алдындағы жағдай және 508 басқа да патологиялар анықталды. 1165 зерттеу жүргізілді, оның ішінде 42 КТ.
Жатыр мойны қатерлі ісігі әйелдер арасында онкологиялық аурулар құрылымында екінші орын алады. Жыл сайын Қазақстанда 1,8-2 мыңға жуық жаңа жағдай анықталады, жағдайлардың 95% -дан астамы адам папилломасы вирусымен (АПВ) байланысты. Инфекция әдетте белгісіз өтеді, бұл тұрақты тексерулер болмаған кезде аурудың даму қаупін арттырады.
Жатыр мойны қатерлі ісігі барынша алдын алуға болатын онкологиялық аурулардың қатарына жатады. АПВ-ға қарсы вакцинация бастапқы алдын алудың неғұрлым тиімді әдістерінің бірі болып танылды. Ең жоғары тиімділікке вакцинаны жыныстық өмір басталғанға дейін енгізу кезінде қол жеткізіледі, алайда ересек жаста да егуге болады.
«Вакцинация мен скрининг бір-бірін жоққа шығармайды, толықтырады. Тіпті вакцинацияланған әйелдердің өзі тұрақты түрде тексеруден өтуі керек, өйткені бірде-бір вакцина АПВ-ның барлық түрін қамтымайды. Тек кешенді тәсіл жатыр мойны қатерлі ісігінің даму қаупін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті ҚазОжРҒЗИ онколог дәрігері Ерлан Кукубасов.
Бірыңғай ашық есік күні әйелдерге төрт жылда бір рет өткізілетін жоспарлы скринингті күтпестен тексеруден өтуге мүмкіндік береді. Мұндай пішім қатер тобына кіретін әйелдердің ауруларын уақтылы анықтау үшін, сондай-ақ жоспардан тыс тексеруді талап ететін күмән немесе факторлар болған кезде ерекше маңызды.
Бірыңғай ашық есік күні елдегі жатыр мойны қатерлі ісігінің алдын алудың қолданыстағы жүйесін толықтырады, онкологиялық көмектің қолжетімділігін арттырады және әйелдерге өз денсаулығына уақытылы қамқорлық жасауға көмектеседі.

















