Париж қаласындағы Кюри институтының бейінді бөлімдерінде «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының» дәрігерлері «Радиологиялық көмекті ұйымдастыру» тақырыбында практикалық оқу курсынан өтті.
Оқу бағдарламасының мақсаты — Қазақ онкология және радиология институтында және өңірлік онкологиялық көмек көрсететін ұйымдарда радиологиялық көмектің тиімділігін арттыру, кадрлық әлеуетті нығайту, стереотакстік радиохирургияның заманауи әдістерін меңгеру, өкпе қатерлі ісігінде жоғары дозалы сәулелік терапия, қуықасты безі мен өкпе обырын гипофракцияланған сәулелік терапия арқылы ем нәтижелерін жақсарту, пациенттердің өмір сүру ұзақтығы мен сапасын арттыру.
—Кюри институты — онкология мен сәулелік терапия саласындағы жетекші ғылыми орталықтардың бірі. Бұл сапардың ең маңызды тұсы — заманауи брахитерапия, яғни байланыс арқылы жүргізілетін сәулелік терапиямен танысу болды. Француздар бұл әдісті «кюри-терапия» деп атайды. Онда сәулелік көз тікелей ісікке енгізіледі. Бұл тәсілдің артықшылығы — сәулені дәл ісік ошағына және қызығушылық аймағына барынша жоғары дозада бағыттау арқылы маңызды ағзалар мен қоршаған тіндерге әсерін азайту. Аталған әдіс жатыр мойны, жатыр денесі, қуықасты безі, қынап, өңеш, тік ішек, тіл және басқа да ісік түрлерін емдеуде кеңінен қолданылады, — деді сәулелік терапия бөлімінің меңгерушісі, радиациялық онколог Евгений Ишкинин.
Кюри институтының басты қағидаларының бірі — ғылыми зерттеулер мен науқастарға көрсетілетін көмектің үйлесімді ұштасуы. Бұл тәсіл «Кюри моделі» ретінде танымал және енді оны Қазақстандағы онкологиялық орталықтарда да қолдануға мүмкіндік бар. Оқу аяқталған соң дәрігерлерге арнайы сертификаттар табысталды.
Алена Гончарова, радиациялық балалар онкологы, оқу курсынан алған әсерімен бөлісті:
— Күн сайын тәлімгерім Dr Emmanuel Jouglar жетекшілігімен балалар нейроонкологиясы, онкогематология, Юинг саркомасы, остеосаркома, жұмсақ тіндердің саркомалары мен нефробластома диагнозы қойылған балаларды қарауға, халықаралық ісік консилиумдарына және мультидисциплинарлық кеңестерге қатыстым. Қайта сәулелеу (реиррадиация) және сүйек пен өкпе метастаздарына сәулелік терапия жүргізудің көрсеткіштері, сондай-ақ осы патологиялар бойынша халықаралық хаттамалар талқыланды. Бұл біздегі балалар онкологиясына арналған ем хаттамаларын ішінара жаңарту үшін маңызды серпін болды.
Сонымен қатар курс аясында дәрігерлерге балалар онкологиясындағы сәулелік терапия мен радиохирургияның қағидалары оқытылды. Бұл — қауіпті ағзаларға түсетін жалпы сәуле жүктемесін төмендетіп, стационарда жату мерзімін қысқарту үшін, сондай-ақ жазылмайтын онкологиялық дертке шалдыққан балаларға паллиативтік көмек көрсетуді ұйымдастыру тәжірибесін меңгеру мақсатында жүргізілді.
— Менің негізгі қызығушылығым — сүт безі обыры. Оқу барысында пациенттерді ультрагипофракциялау режиміндегі сәулелік терапияға бүйір қалпында дайындау және кеуде қуысы қозғалысын бақылау жүйесін қолдана отырып, сүт безі обыры бар науқасты сәулелік терапияға топометриялық дайындау жұмыстарына қатыстым, — деді дәрігер-радиолог Мирас Зекебаев.
Оқу курсы «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қаржылық қолдауымен ұйымдастырылды.