2026 жылғы 19-25 қаңтар аралығында Маңғыстау облысында жұмыс сапарымен ҚазОжРҒЗИ командасы болды. Сапардың мақсаты – халыққа онкологиялық көмектің сапасы мен қолжетімділігіне мониторинг жүргізу, сондай-ақ өңірлік онкологиялық қызметке ұйымдастырушылық-әдістемелік қолдау көрсету.
Бастапқы буынды және ерте диагностикалауды күшейту
Сапар аясында ҚазОжРҒЗИ мамандары өңірдің амбулаториялық-емханалық көмек көрсету ұйымдарының қызметіне талдау жүргізді. Негізгі басымдық келесілерге берілді:
- көрінетін жерлердегі онкологиялық ауруларды ерте анықтау;
- диагностикалық алгоритмдерді сақтау;
- бастапқы буындағы медицина қызметкерлерінде онкологиялық сақтықты қалыптастыру;
- пациенттерді дұрыс бағыттау.
Үлгілік клиникалық жағдайларды талдай отырып және ерте диагностикаға қазіргі заманғы тәсілдерді енгізе отырып, медицина қызметкерлерін тікелей жұмыс орындарында іс-тәжірибеге бағдарланған оқыту жүргізілді.
Маммографиялық скринингке ерекше назар аударылды: рентген зертханашылары сүт бездерін дұрыс орналастыру бойынша оқытудан өтті. Сондай-ақ, онкологиялық сақтық және МСАК қызметкерлері үшін скринингтік бағдарламаларды іске асыру мәселелері бойынша біліктілікті арттыру курсы ұйымдастырылды.
Хирургиялық шеберлік кластары және мамандарды оқыту
Сонымен қатар, клиникалық-білім беру бағдарламасы іске асырылды. ҚазОжРҒЗИ Онкурология орталығының басшысы, еліміздің жетекші мамандарының бірі Хусан Өмірзақов келесі мекемелер базасында көрсетілімді операциялар мен оқыту шеберлік кластарын өткізді:
- Маңғыстау облыстық онкологиялық диспансері,
- Маңғыстау облыстық көпсалалы клиникалық ауруханасы,
- «Sofi Med» жеке меншік клиникасы.
Қуықасты безінің ірі ісіктері кезінде ашық радикалды простатэктомия және лапароскопиялық радикалды нефрэктомия бойынша шеберлік кластары орындалды. Оқыту өңірлік онкоурологтар мен хирургиялық командалардың тәжірибелік дағдыларын арттыруға бағытталған.
Клиникалық өзара іс-қимылды кеңейту
Өңірдің клиникалық әлеуетін күшейту үшін Ақтауға үш апта мерзімге ҚазОжРҒЗИ-дың абдоминалды онкохирургі Руслан Раскалиев жіберілді, ол Маңғыстау облыстық онкологиялық диспансерінің базасында жедел араласуларды, консультацияларды және іс-тәжірибеге бағытталған оқытуды жүргізеді.
Ашық есік күні
Сапар барысында ҚазОжРҒЗИ мамандарының қатысуымен Ашық есік күні өткізілді. 108 пациент қаралды.
Тесеру нәтижелері бойынша:
- 3 пациентте қатерлі ісікке күдік анықталды;
- 6 пациентте ісік алды аурулары;
- 13 пациентте басқа да патологиялық жағдайлар анықталды.
Іс-шара барысында төмен дозалы компьютерлік томографияны (ТДКТ) қоса алғанда, 171 диагностикалық зерттеу жүргізілді.
Анестезиологиядағы заманауи тәсілдер
Хирургиялық араласулар аясында аймақтық анестезияның заманауи әдістері, соның ішінде УД-навигацияны қолдана отырып, тізе асты жүйкесінің блокадасы көрсетілді. Бұл технологияларды қолдану жоғары дәлдік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді, операциядан кейінгі ауырсынуды басудың тиімділігін және пациенттердің жайлылығын арттырады.
Қорытындылар мен болашақтар
Сапар қорытындысы бойынша, өңірлік онкологиялық қызметті дамытудағы жүйелі тәсілдің маңыздылығы, бастапқы буынды нығайту және диагностика мен емдеудің бірыңғай стандарттарын енгізу атап өтілді. Жүргізілген іс-шаралар Маңғыстау облысы халқы үшін онкологиялық көмектің сапасын тұрақты арттыруға және онкологиялық нәтижелерді жақсартуға бағытталған.
ҚазОжРҒЗИ еліміздің барлық өңірлерінде қолжетімді және жоғары технологиялық онкологиялық көмекті дамыту бойынша дәйекті жұмысын жалғастырады.






















