ҚазОжРҒЗИ-ға Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің Қазақстан Республикасындағы жұмыс миссиясын жалғастыру аясында МАГАТЭ делегациясы келді.
Бұған дейін Астана қаласында МАГАТЭ өкілдері Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің және бейінді мемлекеттік органдардың басшылығымен жұмыс кездесулерін өткізді. Келіссөздер барысында ядролық медицина мен радиациялық онкологияны дамытудың басым бағыттары, халықаралық сапа стандарттарын енгізу, сондай-ақ радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері қаралды. ҚазОжРҒЗИ-ға бару елдің жетекші бейінді мекемесі деңгейіндегі ведомствоаралық диалогтың тәжірибелік жалғасы болды.
МАГАТЭ мүше мемлекеттерге медицинада ядролық технологияларды қауіпсіз және тиімді қолдану саласында техникалық, сараптамалық және әдіснамалық қолдау көрсететін БҰҰ жүйесінің мамандандырылған агенттігі болып табылады. Ағымдағы миссияның мақсаты – ұлттық онкологиялық қызметтің әлеуетін кешенді бағалау және инфрақұрылымды, кадрлық қамтамасыз ету мен сапа жүйесін қоса алғанда, оны одан әрі дамыту бойынша ұсынымдар әзірлеу.
Сапар барысында халықтың сәулелік терапияның заманауи әдістеріне қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған Rays of Hope («Үміт сәулесі») бастамасын іске асыруға ерекше назар аударылды. Осы тұрғыда МАГАТЭ ҚазОжРҒЗИ-ды Қазақстан Республикасындағы Rays of Hope бастамасының ықтимал зәкірлік орталығы ретінде қарастырады. Бұл мәртебе озық технологияларды енгізуді үйлестіруді, медициналық радиациялық физиканы дамытуды, мамандарды даярлау мен олардың біліктілігін арттыруды, сондай-ақ өңірлік онкологиялық ұйымдарға үздік іс-тәжірибелерді көбейтуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп болжануда.
Сапар аясында МАГАТЭ сарапшылары сәулелік терапия, ядролық медицина және диагностикалық радиология бөлімдерінің қызметімен, сапа менеджменті жүйесімен, сондай-ақ институттың ғылыми-зерттеу және білім беру әлеуетімен танысты.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жоғары технологиялық онкологиялық көмекті дамытуға және Қазақстан Республикасының халқы үшін заманауи емдеу әдістерінің қолжетімділігін арттыруға бағытталған ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүдделілігін растады.




















