
Сонымен қатар Қазақстанда лютеция мен самария негізінде емдік радиофармпрепараттарды стационардан тыс пайдалануға рұқсат беру жоспарда бар.Спикердің айтуынша, қатерлі ісік диагнозын тек патоморфологиялық зерттеулерге сүйене отырып қоюға болады. Сондықтан бұл бағытты дамыту онкологиялық көмек жүйесіндегі басымдықтардың бірі болып табылады.
«Бүгінгі таңда патоморфологиялық, иммуногистохимиялық және молекулалық-генетикалық зертханалар барлық өңірде бола бермейді. Мысалы, молекулалық-генетикалық зерттеулер тек 5 қалада жүргізіледі. Сондықтан зерттеулердің қолжетімділігін арттыру мақсатында жол картасы әзірленуде. Ол барлық өңірлік онкологиялық орталықты қажетті зертханалық жабдықтармен кезең-кезеңімен жарақтандыруды, кадрлар даярлауды, түрік әріптестерімен ынтымақтастықта халықаралық тәжірибені тарта отырып, телепатология жүйесін енгізуді көздейді. Бұл зерттеулер диагностикада ғана емес, емдеу тактикасын және ісіктің мақсатты немесе иммуно-онкологиялық препаратқа сезімталдығын анықтауда да қажет», – деп атап өтті Ербол Бекмұхамбетов.
ҚазОРҒЗИ басшысы бүгінгі таңда қазақстандықтар қазіргі заманның нысаналы және иммуно-онкологиялық препараттарының 45-тен астам атауына қол жеткізе алатынын айтты. 2015 жылы бұл препараттар 9 млрд теңгеге, ал 2024 жылдың қорытындысы бойынша 103 млрд теңгеден астам сомаға сатып алынды.
Ол халықаралық стандарттарға сәйкес онкологиялық ауруларды диагностикалау және емдеу хаттамалары үнемі жаңартылып отыратынын айтты. Бұл дәрілік терапияның қолжетімділігін арттыру және қаражатты тиімді пайдалану үшін қажет.