Главная страница » ОНКОЛОГ КАЗНИИОИР РАССКАЗАЛ, ЧТО НУЖНО ЗНАТЬ ОБ ОПУХОЛЯХ ГОЛОВНОГО МОЗГА И ЦНС

ҚАЗОРҒЗИ ОНКОЛОГЫ: МИ МЕН ОРТАЛЫҚ ЖҮЙКЕ ЖҮЙЕСІ ІСІКТЕРІ ТУРАЛЫ НЕ БІЛУ КЕРЕКТІГІН АЙТТЫ

от admin

Орталық жүйке жүйесінің (ОЖЖ) қатерлі ісіктері — ми мен жұлын ісіктері — онкологиялық аурулардың басқа түрлеріне қарағанда сирек кездеседі. Алайда олар ағымының ауырлығымен науқастың өміріне төндіретін жоғары қауіп-қатерімен ерекшеленеді.

Мамандардың айтуынша, сырқаттың ауырлығы ісіктің орналасуына, көлеміне және өсу жылдамдығына байланысты. Миының функционалды маңызды аймақтары зақымданған жағдайда ауру қатты ауыру синдромына, мүгедектікке және өлім қаупіне алып келеді.

ҚазОРҒЗИ тіркелімі деректеріне сәйкес, 2024 жылы Қазақстан Республикасында орталық жүйке жүйесінің қатерлі ісіктерінің 845 жаңа жағдайы анықталды, бұл 100 мың халыққа шаққанда 4,2-ні құрады. 2023 жылмен (790 жағдай, 100 мың халыққа шаққанда 3,97) салыстырғанда аурушаңдық көрсеткіші 7%-ға өскен. Негізгі науқастар тобы — 60–69 жас аралығы, жыныс айырмашылығы байқалмайды: 440 ер адам және 431 әйел.

«2024 жылдың соңында ми және жұлын ісіктерімен 5 мыңнан астам науқас диспансерлік есепте тұрды. Бұл 2023 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 4,6%-ға артық (4 962 науқас)», — деп атап өтті ҚазОРҒЗИ нейрохирург-онкологы Дамир Дубчев.

2024 жылы 341 өлім жағдайы тіркелді (100 мың халыққа шаққанда 1,69). 2023 жылы бұл көрсеткіш 320 жағдайды құрады (100 мың халыққа шаққанда 1,61). Қайтыс болғандардың негізгі жас тобы да — 60–69 жас аралығы. Ер адамдардың өлім-жітімі әйелдерге қарағанда жиі кездеседі: 183 ер адам және 158 әйел.

Ауру ерте кезеңінде симптомсыз өтуі мүмкін. Ісік үлкейген сайын қол-аяқ әлсіздігі немесе ұйып қалуы, жүрістің теңселуі, құрысу ұстамалары, көру немесе есту қабілетінің төмендеуі, қосарланып көру, мінез-құлықтың өзгеруі, сөйлеу бұзылыстары пайда болады. Сондай-ақ бас сүйегінің ішіндегі қысымның жоғарылауының белгілері күшейеді: тұрақты бас ауыру (әсіресе таңертең және түнде), жүрек айну мен құсу (тамақтануға байланысты емес), есінің бұзылуына немесе комаға дейін жеткізуі мүмкін.

«Мұндай симптомдардың пайда болуы — шұғыл тексеруден өтуге себеп», — деп атап өтті Дамир Дубчев.

Диагностиканың ең ақпараттық әдісі — МРТ және контрастпен МРТ, ол ісікті нақты бейнелеуге және неврологиялық белгілердің себебін анықтауға мүмкіндік береді.

Емдеу тактикасы морфологиялық зерттеу нәтижелері мен мультидисциплинарлы топтың қорытындысына сәйкес айқындалады. Институтта заманауи инновациялық әдістер қолданылады: миының функционалды маңызды құрылымдарын барынша сақтап қалуға мүмкіндік беретін жоғары технологиялық хирургиялық араласулар, сондай-ақ сәулелік терапия және химиотерапия. Емнің тиімділігін арттыруға және науқастардың өмір сапасын жақсартуға ықпал ететін кешенді тәсіл кеңінен қолданыс табуда.

ОЖЖ ісіктерінің арнайы профилактикасы жоқ. Дегенмен, дәрігерлер салауатты өмір салтын ұстануды, темекіден бас тартуды, алкогольді шамадан тыс тұтынбауды, дене белсенділігін сақтауды және профилактикалық тексерулерден тұрақты өтіп тұруды ұсынады. Әсіресе басқа ағзаларда онкологиялық ауруы бар науқастарға ерекше көңіл бөлу қажет — метастаздарды уақытылы жоққа шығару үшін.

Онколог дәрігердің айтуынша: «Ауруды ерте анықтау — табысты емделу мен өмір сапасын сақтаудың басты кепілі».

Вас может заинтересовать

Оставить комментарий