Главная страница » ОНКОЛОГИЧЕСКАЯ СЛУЖБА КАЗАХСТАНА: СКРИНИНГИ, ТЕХНОЛОГИИ И НОВЫЕ ПРЕПАРАТЫ

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ОНКОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТІ: СКРИНИНГ, ТЕХНОЛОГИЯ ЖӘНЕ ЖАҢА ПРЕПАРАТТАР

от admin

Қазақ онкология институтының басшысы Ербол Бекмұхамбетов: онкология қызметі скринингтер, технологиялар және жаңа препараттар есебінен жаңғыруда

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі. Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында 2023–2027 жылдарға арналған Онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспардың іске асырылуына арналған брифинг өтті. Онда Қазақ онкология институтының басқарма төрағасы Ербол Бекмұхамбетов онкологиялық қызметтің негізгі нәтижелері мен даму басымдықтарын баяндады.

Онкологиялық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігі артуда

Онкологиялық көмек Қазақстан денсаулық сақтау жүйесінің басым бағыттарының бірі болып қала береді. 2024 жылы елімізде қатерлі ісіктің 41 292 жаңа жағдайы тіркелді, бұл соңғы 10 жылдағы орташа көрсеткіштен 3,2%-ға жоғары. Алайда, онкологиялық аурулардан өлім-жітім деңгейі 32,9%-ға төмендеді, бұл қатерлі ісікпен күрестегі оң динамиканы көрсетеді.

Бүгінде онкологиялық қызметтің бақылауында 236 624 пациент бар, олардың 55%-дан астамы еңбекке қабілетті жастағылар. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 6,4%-ға өсім бар екенін көрсетеді.

Жабдықталу мен инфрақұрылым кеңейіп келеді

Кешенді жоспар аясында скринингтен бастап жоғары технологиялық емге дейінгі барлық кезеңді жаңғырту жалғасуда. Елімізде 2 ұлттық және 20 өңірлік онкологиялық орталық жұмыс істейді. Бүгінгі таңда 27 заманауи сызықтық үдеткіш (Varian және Elekta) орнатылды, Орталық Азиядағы жалғыз протонды терапия орталығы мен Gamma Knife жүйесі жұмыс істеп тұр.

2024 жылы радиологиялық техника паркі 6 жаңа үдеткішпен толықты, алдағы екі жылда тағы 10 аппарат орнатылмақ. Ұлттық ғылыми онкология орталығы 4 үдеткішпен және протонды терапия орталығымен толыққанды жұмысын бастады.

2028 жылға қарай еліміздегі клиникалардың сәулелік терапияға арналған заманауи жабдықтармен қамтылу деңгейі 85%-ға жетеді деп күтілуде.

Ядролық медицина және инновациялық технологиялар дамып келеді

Ядролық медицина орталықтарының желісі кезең-кезеңімен кеңейтілуде. 2025 жылы Ақтау, Қызылорда және Ақтөбеде орталықтар ашу жоспарланса, 2026 жылы Қарағанды мен Өскеменде іске қосылады. Диагностикалық мақсатта фтор мен галлий негізіндегі жаңа радиофармпрепараттар, ал емдік мақсатта лютеций мен самарий изотоптарына негізделген радиопрепараттар енгізілуде. Бұл амбулаториялық емдеудің мүмкіндіктерін едәуір кеңейтеді.

Заманауи емдеу тәсілдері енгізілуде

Клиникалық хаттамаларға 45 атаулы таргеттік және иммуноонкологиялық препараттар енгізілді. Роботтандырылған хирургия, 3D протездеу және интервенциялық онкохирургия белсенді енгізілуде. Бұл технологиялар дербестендірілген тәсілдерді қолдануға мүмкіндік беріп, емнің тиімділігін арттырады.

Скрининг және ерте диагностика — басты назарда

Жыл сайын шамамен 2,8 млн қазақстандық онкоскринингтерден өтеді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша 2 842 қатерлі ісік (0,1%) және 237 130 ісік алды жағдай (8,3%) анықталды. Скринингтің жаңартылған үлгісі Астана, Шымкент және Өскемен қалаларында пилоттық режимде іске қосылды. Бірінші кезең – халық саны 30 мыңнан асатын бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында, ал екінші кезең – өңірлік онкоорталықтарда жүргізіледі.

Пилот аясында жаңа тесттер апробациядан өтуде: адам папилломавирусына (HPV) тестілеу, жасанды интеллект негізіндегі маммография және ферментті гемокульт-тест.

2028 жылға қарай онкоскринингпен қамтуды 90%-ға дейін жеткізу және бұл қызметті ТМККК шеңберінде кеңінен қолжетімді ету жоспарлануда.

Вас может заинтересовать

Оставить комментарий