Бауыр обыры – көбіне белгісіз түрде дамып, кеш сатыларында ғана анықталатын ең қатерлі онкологиялық дерттердің бірі. Бұл дерттің туындауына алып келетін басты қауіп факторларының қатарында B және C вирустық гепатиттері бар. Аталған вирустар ұзақ уақыт бойы ешқандай белгі бермей, бауыр тіндерін баяу бұзып, қатерлі ісіктің дамуына қолайлы орта қалыптастырады. Бұл туралы Алматы қалалық №36 емханасының онкологы Зарина Тойлыбаева мәлімдейді.
Гепатит B және C — қан мен басқа да биологиялық сұйықтықтар арқылы таралатын вирустық жұқпалар. Инфекция қан құю, стерильденбеген медициналық құралдарды қолдану, есірткіні ине арқылы тұтыну, татуаж жасау, сондай-ақ жыныстық қатынас кезінде жұғуы мүмкін. Ең қауіпті тұсы — көптеген адамдардың өз бойында вирус бар екенін білмей өмір сүруінде. Уақытылы емделмеген жағдайда гепатит созылмалы түрге айналып, оның соңы бауыр циррозы мен обырға алып келуі мүмкін.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, бастапқы бауыр обыры жағдайларының 80%-ына дейінгісі дәл осы созылмалы вирустық гепатиттермен байланысты.
Гепатит B және C вирустарына арналған скринингтік тексерістен ең алдымен қанмен жұмыс істейтін медицина қызметкерлері өтуі тиіс. Олардың қатарында хирургия, стоматология, гинекология, гематология, зертханалық бөлімдерде қызмет атқаратын мамандар бар. Сонымен қатар, операция алдында, онкология, диализ, трансплантация бөлімдерінде ем алатын пациенттер де тексерістен өткізіледі. Скринингке жүкті әйелдер мен өмір салтына байланысты ВИЧ және гепатиттерді жұқтыру қаупі жоғары тұлғалар да кіреді.
Бұл аурудың айлакерлігі – бауыр зақымдануды ұзақ уақыт бойы «жасырын» түрде өтейді. Науқас ешқандай ауырсыну немесе жайсыздық сезінбеуі мүмкін. Шаршағыштық, оң қабырға астындағы ауырлық сезімі, тәбеттің төмендеуі, терінің сарғаюы секілді белгілер тек аурудың асқынған кезеңдерінде ғана байқала бастайды. Мұндай жағдайда емдеу әлдеқайда күрделі болып, сауығу мүмкіндігі төмендей түседі.
Гепатиттің алдын алып, соның салдары ретінде туындайтын бауыр обырының да дамуын тежеуге болады. Бұл жолдағы ең маңызды қадам — вакцинация. Қазақстан Республикасының Ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес, гепатит B-ге қарсы вакцина тегін салынады. Ал C гепатитіне қарсы вакцина әлі жасалмағанымен, бұл ауру ерте анықталса, сәтті емделеді.
Есіңізде болсын: скрининг және уақытылы медициналық тексеріс — өз денсаулығына саналы түрде қараудың айқын белгісі. Ерте диагностика — гепатит пен бауыр обырының дамуына жол бермейтін ең тиімді құралдардың бірі.
Егер сіз бұрын-соңды вирустық гепатитке талдау тапсырмаған болсаңыз немесе гепатит B-ге қарсы егілгеніңізге сенімді болмасаңыз, тұрғылықты жеріңіздегі емханаға жүгініңіз. Бір қарапайым тест – денсаулығыңызды және өміріңізді қорғауда шешуші рөл атқара алады.