733
2025 жылғы 14 мамырда «ҚазОжРҒЗИ» АҚ басқарма төрағасы Ербол Бекмұхамбетов Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровпен, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрайымы Ләззат Чинкисбаевамен және М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің ректорының міндетін атқарушы Талғар Әбіловпен кездесті.
Кездесу барысында өңірде денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау және спорт салаларында жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік бастамалар талқыланды. Ауылдық елді мекендер үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мәселесіне ерекше назар аударылды.
«Қазақстан халқына» қорымен әріптестік аясында облысқа онкологиялық скрининг жүргізуге арналған екі жылжымалы медициналық кешен жіберілді. Институт мамандары көшпелі тексерістерді ұйымдастыруға, әдістемелік сүйемелдеу мен өңірлік медицина қызметкерлерін кеңес беру жұмыстарына белсене қатысуда.
Институт сонымен қатар жергілікті мамандарды оқыту мен біліктілігін арттыру бойынша сараптамалық қолдау көрсетеді. Ерте диагностика, онкологиялық аурулардың алдын алу және ауылдық жерлердегі онкологиялық қызметті дамыту бағыттары бойынша ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері қарастырылуда.
«ҚазОжРҒЗИ» АҚ «Қазақстан халқына» қорымен және Ақтөбе облысының әкімдігімен өзара тығыз әріптестікті жалғастырып, өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру және онкологиялық қызметті орнықты дамыту жолында күш біріктіруде.