Қарағанды облысының онкологиялық орталығының базасында кең таралған онкологиялық аурулардың бірін ерте диагностикалау мен қазіргі заманғы емдеудің өзекті мәселелеріне арналған «Қазақстан Республикасындағы өкпе қатерлі ісігі: скринингтен инновациялық терапияға дейін» өңіраралық сараптамалық жұмыс сессиясы өтті.
Іс-шараның мақсаты еліміздегі өкпе обыры бойынша ағымдағы жағдайды кешенді талқылау, сондай-ақ скрининг пен заманауи терапевтік тәсілдерді енгізудің жол картасын нақтылау болды. Сарапшылық сессия Қазақстанның түрлі өңірлерінен келген жетекші онколог-дәрігерлерді, бейінді мамандарды, алғашқы медициналық-санитарлық көмек пен денсаулық сақтауды басқару органдарының өкілдерін біріктіріп, кәсіби диалог пен іс-жүзіндегі тәжірибе алмасудың тиімді алаңына айналды.
Жұмыс сессиясы барысында Қазақстан Республикасындағы өкпе обыры бойынша эпидемиологиялық жағдайға кешенді талдау жасалып, ауруды ерте анықтау жүйесін дамытудың басым бағыттары айқындалды. Қатысушыларға өкпе қатерлі ісігі скринингінің жол картасы егжей-тегжейлі ұсынылды, ол ерте кезеңде анықтауды арттыруға және өлім-жітімді азайтуға бағытталған. Қазіргі заманғы және инновациялық емдеу әдістерін қолданудың ұзақ мерзімді нәтижелеріне ерекше назар аударылды.
Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстары мен Ұлытау облысының өңірлік мамандары төменгі дозалы компьютерлік томографияны енгізудің іс-жүзіндегі тәжірибесін ұсынды, сондай-ақ өңірлердің өкпе қатерлі ісігін скринингтеу бағдарламасын іске асыруға дайындық деңгейін бағалады. Талқылау аясында ұйымдастырушылық және кадрлық сын-қатерлерге егжей-тегжейлі талдау жүргізіліп, оларды кезең-кезеңімен шешу бойынша нақты ұсыныстар әзірленді.
Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар өңіраралық өзара іс-қимылдың және өкпе қатерлі ісігін диагностикалау мен емдеудің бірыңғай, ғылыми негізделген тәсілдерін қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Скринингтің тиімді бағдарламасын енгізу және инновациялық терапияға қолжетімділікті кеңейту онкологиялық көмектің сапасын арттырудың және Қазақстан Республикасында пациенттердің өмір сүру көрсеткіштерін жақсартудың негізгі шарттары ретінде белгіленді.























