2025 жылғы 18–22 тамыз аралығында Қазақ онкология институтының 20-дан астам қызметкері, оның ішінде құрылымдық бөлімшелердің басшылары, дәрігерлер мен орта буын мамандар, медициналық ұйымдарды аккредиттеу стандарттары бойынша оқудан өтті.
Оқу бағдарламасы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрықтарымен бекітілген денсаулық сақтау саласындағы Ұлттық аккредиттеу стандарттарына сәйкес ұйымдастырылды. Сабақтар барысында мына мәселелер қарастырылды:
🔻 медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін бағалаудың негізгі критерийлері;
🔻 институционалдық аккредиттеуге дайындық тәртібі;
🔻 клиникалық хаттамаларды жетілдіруге, ішкі аудит пен тәуекелдерді басқаруға арналған тәжірибелік құралдар.
Қазақ онкология институтының жауапты қызметкерлері оқудың тәжірибелік бөлімінде белсенділік танытып, медициналық ұйымдарда қолданылатын қауіпсіздік кодтарына қатысты барлық жағдайларды талқылап, шешімдер ұсынды.
Ерекше назар кадрлардың біліктілігін үздіксіз арттыруға, пациентке бағдарланған тәсілді қамтамасыз етуге және онкологиялық көмекте озық халықаралық тәжірибелерді енгізуге аударылды.
Қазақ онкология институты аккредиттеудің заманауи талаптарына сай болуға және ұлттық жетекші тәжірибе орталығы мәртебесін нығайтуға бағытталған сапа саясатын жүйелі түрде іске асырып келеді.