2025 жылғы 29 шілдеде Қазақ ұлттық онкология және радиология институтында «Ересектер онкологиясы» және «Радиациялық онкология» білім беру бағдарламалары бойынша резидентураны тәмамдаған түлектерге диплом тапсыру салтанаты өтті.
Іс-шараға Қазақ Ұлттық онкология және радиология институты басқарма төрағасының орынбасары Бақытжан Төлегенұлы Оңғарбаев, медицина ғылымдарының докторы, профессор Виктор Борисович Ким, хирургия бөлімінің меңгерушісі Тимур Сұлтанұлы Насрытдинов, резидент дәрігерлерді даярлауға үлес қосқан профессорлық-оқытушылық құрам мен тәлімгерлер, сондай-ақ түлектердің ата-аналары мен туыстары қатысты.
Ата-аналар атынан Еркін Елтаевич Губашев сөз сөйлеп, институт басшылығы мен оқытушылар құрамына кәсіби біліктілігі мен жас дәрігерлердің қалыптасуына қосқан зор үлесі үшін алғысын білдірді.
Салтанатты шара жылы әрі әсерлі атмосферада өтті. Түлектерге құттықтау мен ақ жол тілектер айтылып, онколог мамандығының маңыздылығы мен үлкен жауапкершілік жүктейтіні ерекше атап өтілді.
Білікті кадрлар даярлау – Қазақ онкология және радиология институтының басым бағыттарының бірі. Институт онкологиялық көмек жүйесін дамытуға және халық денсаулығын нығайтуға елеулі үлес қосуды жалғастыруда.