2022 жылғы онкологиялық қызмет қызметінің қорытындылары бойынша Үйлестіру кеңесі

2022 жылғы онкологиялық қызмет қызметінің қорытындылары бойынша Үйлестіру кеңесі

2023 жылғы 26-28 қаңтар аралығында «Онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі Кешенді жоспар» іс-шараларының 2018-2022 жылдарға арналған Жол картасын орындау шеңберінде «Павлодар облыстық онкологиялық диспансері» ШЖҚ КМК базасында 2022 жылғы онкологиялық қызмет қызметінің қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі өкілдерінің, ҚР Бас онкологиялық мекемесі «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ-ның өкілдерінің қатысуымен және ҚР ДСМ штаттан тыс бас онкологы, «ҚазОжРҒЗИ» АҚ Басқарма Төрайымы, м.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА академигі Д.Р. Кайдарованың төрағалығымен Республикалық үйлестіру кеңесі өтуде.
Үйлестіру кеңесінің жұмысына медициналық сақтандыру Қоры Басқарма төрағасының орынбасары Ілияс Мұхаметжан және ҚР ДСМ медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің әлеуметтік маңызы бар аурулар кезіндегі медициналық көмек басқармасының жетекші сарапшысы Әлия Бекжанова да қатысып отыр. Үйлестіру кеңесі барысында өңірлердің бас онкологтарының 2022 жылғы есептері ұсынылып, әр өңірдің проблемалық мәселелері талқыланады, сондай-ақ 2018-2022 жылдарға арналған «Онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар» іс-шараларын іске асыру қорытындылары шығарылатын болады.
Бұл іс-шара «Ауырсыну нүктелерін» анықтауға және ҚР-да онкологиялық көмекті жетілдіру стратегиясын әзірлеуге, халыққа онкологиялық көмек көрсетуді ұйымдастырудың проблемалық сәттерін және оларды шешу жолдарын өзектендіруге сындарлы диалог жүргізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған жаңа Кешенді жоспардың іс-шараларын емдеу-диагностикалық жабдықтарды модернизациялау туралы келісу жүргізілуде.
Онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған Кешенді жоспардың іс-шараларын іске асыру кезінде қатерлі ісіктерден болатын өлім – жітімнің төмендеуінің оң үрдісі бар (2018 жылы-100 мың тұрғынға шаққанда 78,1, яғни 14 369 жағдай, 2022 жылы-100 мың тұрғынға шаққанда 66, яғни 13 033 жағдай), көрсеткіштің 9,0% төмендеуі байқалды.
2022 жылы республикада қатерлі ісіктермен сырқаттанушылық 100 мың тұрғынға шаққанда 199,2 – 39 096 жағдайды құрады (2021 жылы – 100 мың тұрғынға шаққанда 190,2 – 36 127 жағдай), сырқаттанушылық 4,7% – ға өсті.
Онкологиялық сырқаттанушылық құрылымында бірінші орында дәстүрлі түрде сүт безі обыры (13,2%, 5166 жағдай); екінші орында – өкпе обыры (10,0%, 3926 жағдай), үшінші орында – колоректалды обыр (9,3%, 3654 жағдай), төртінші орында – асқазан обыры (7,4%, 2912 жағдай) тұр.
Науқастардың жас құрылымында еңбекке қабілетті жастағы (18-64 жас) адамдар 54,1%-ды құрайды.
Онкологиялық науқастар контингенті 2022 жылы 205 852 (2021 жылы – 194 510, яғни 5,8% – ға өсті) науқасқа дейін өсті.
Өлім-жітімнің төмендеуі барлық аймақтарда тіркелген.
Өлім-жітім құрылымында бірінші орында – өкпе обыры (16,3%, 2121 жағдай), екінші орында – асқазан обыры (12,0%, 1560 жағдай), үшінші орында – колоректалды обыр (10,6%, 1378 жағдай) және төртінші орында – сүт безі обыры (8,1%, 1060 жағдай) тұр.