Алматы қаласында «Гинекологиялық ісіктерді емдеудегі заманауи тәсілдері» атты Еуразиялық саммиті өтті.

Алматы қаласында «Гинекологиялық ісіктерді емдеудегі заманауи тәсілдері» атты Еуразиялық саммиті өтті.

Халықаралық саммит барысында гинекологиялық ісіктерді диагностикалау мен емдеудің өзекті мәселелері, гинекологиялық обыры бар пациенттерге көмек көрсетудің клиникалық жағдайлары мен перспективалары, сондай-ақ жатыр мойны обырының алдын алу, оның ішінде қыздарды АПВ-ға қарсы вакцинациялау талқыланды.
Еуразиялық саммитке АҚШ, Италия, Түркия, Грузия, Испания, Австралия, Ұлыбритания, Корея және әлемнің басқа елдерінен онкология саласының жетекші сарапшылары қатысты.
Саммит жұмысына ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің басшылары, ҚР Парламентінің депутаттары, Еуропа Парламентінің, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ), Қатерлі ісікті зерттеу жөніндегі халықаралық агенттіктің (IARC), Еуропалық медициналық онкология қоғамының, БҰҰ-ның халық саласындағы қорының, Халықаралық гинекологиялық қатерлі ісік қоғамының (IGCS), американдық-Еуразиялық онкологиялық альянстың (AECA) өкілдері, Американдық клиникалық онкология қоғамы (ASCO), Дүниежүзілік хоспис паллиативтік көмек Альянсы және т.б. эксперттер қатысты.
ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният өз сөзінде атап өткендей, бүгінде еліміздегі онкологиялық аурулар, бүкіл әлем сияқты, өлім-жітімнің жиі кездесетін себептерінің бірі болып табылады. Жыл сайын Қазақстанда онкологиялық аурулардың 40 мыңнан астам жаңа жағдайы анықталып, 14 мыңға жуық адам қайтыс болады. Диспансерлік есепте 200 мыңнан астам онкопациент тұр.
Онкологиялық көмек сапасының қолжетімділігін, оның ішінде әйелдер денсаулығы бағыты бойынша жақсартудың түбегейлі шараларын талап ететін бірқатар проблемалық мәселелер өзекті болып келеді. Жыл сайын 100-ден астам жүкті әйелде онкологиялық патология анықталады, бұл жүктіліктің барысын ауырлатады, өкінішке орай, өлімге әкеледі. Осыған байланысты онкологиялық аурулармен күрес елімізде денсаулық сақтаудың басым міндеті болып табылады.

«Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін» сайлауалды бағдарламасында ҚР Президенті барлық денсаулық сақтау саласына, сондай-ақ пациенттерге онкологиялық көмекті дамытуға назар аударды. Осыған байланысты, қазіргі уақытта Министрлік онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған жаңа Кешенді жоспарды әзірлеп, бекітуде, оған сәйкес ел халқына онкологиялық көмекті жетілдірудің одан әрі перспективалары айқындалды.

«Әйелдер денсаулығына қатысты барлық бастамалар да осы жоспардың жобасына енгізілді және ДДҰ қабылдаған жатыр мойны обырын жоюды жеделдету жөніндегі Жол картасын іске асыру шеңберінде, соңғы халықаралық трендтерге сәйкес келеді. Осыған байланысты жатыр мойны обырының алғашқы профилактикасын – келесі 2024 жылдан бастап жасөспірім қыздарды вакцинациялауды енгізу жоспарлануда. Сондай-ақ, цитологиялық скринингті оңтайландыру, жаңғырту, халықаралық стандарттарға сәйкес жатыр мойны обырының АПВ-ға бағдарланған скринингін енгізу жүргізіледі. Еуразиялық саммит жатыр мойны обырын диагностикалау және емдеу жөніндегі шараларды ілгерілету және 2030 жылға қарай мақсаттарға қол жеткізу жөніндегі шараларды талқылау үшін тамаша диалог алаңы болатынына сенімдімін», – деді Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният өз сөзінде.

Іс-шараны ұйымдастырушылары: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР ДСМ Қазақ онкология және радиология ҒЗИ, Қазақстан онкологтарының қауымдастығы, Халықаралық гинекологиялық қатерлі ісік қоғамы (IGCS), Американдық-Еуразиялық онкологиялық Альянсы (AECA).