Бірегей хирургиялық операция Бейжің университетінің Бірінші ауруханасымен бірлесіп, Sagebot SR–2000 жүйесін қолдану арқылы жасалды.
2025 жылы 8 мамырда Қазақстанда алғаш рет Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында (ҚазОжРҒЗИ) роботтандырылған хирургиялық Sagebot SR–2000 жүйесін қолдана отырып, қашықтықтан жоғары технологиялық операция жасалды. Бұл елімізде алғаш рет Бейжің университетінің Бірінші ауруханасымен ынтымақтастықта орындалған осындай деңгейдегі операция болды.
Операция шамамен екі сағатқа созылды. Операция барысында қатерлі ісікті алып тастауға бағытталған, органды сақтайтын парциальды бүйрек резекциясы жасалды. Бұл тәсіл органның функционалды белсенділігін сақтау және операциядан кейінгі асқынулардың алдын алу мақсатында қолданылды.
Операцияны Бейжің қаласындағы (ҚХР) доктор Ли Сюэ Сун (M.D., Ph.D.) жүргізді және заманауи телекоммуникациялық технологияларды қолдана отырып қашықтықтан басқарды. Ал Алматы қаласында (Қазақстан) операция барысын ҚазОжРҒЗИ хирург-дәрігері, PhD Хусан Тәліпбайұлы Өмірзақов бақылады.
Роботтандырылған хирургия – қазіргі таңда урология, гинекология және жалпы хирургия салаларында кеңінен қолданылатын, ең заманауи әрі тиімді әдістердің бірі. Бұл әдіс лапароскопияның артықшылықтарын — аз инвазиялық қолжетімділік пен тіндерді барынша аз жарақаттауды — 3D визуализация, жоғары дәлдіктегі қозғалыс мүмкіндіктерімен және интеллектуалды бақылау жүйелерімен үйлестіреді. Бұл операциядан кейінгі кезеңнің жеңіл өтуін, пациенттің тез қалпына келуін, емделуге жату мерзімін қысқартуды және асқыну қаупін азайтуды қамтамасыз етеді.
Медициналық технологияларды стратегиялық дамыту аясында алдағы айларда роботтандырылған хирургиялық жүйені қолдана отырып жоғары технологиялық 50 операция жасау жоспарланған. Бұл операциялар урология, гинекология және абдоминалды хирургия бағыттарында жасалатын болады.
Бүгінгі таңда Қытай мен Түркияның жетекші онкологиялық орталықтарымен жасалған келісімдер аясында роботтандырылған хирургияны қолдану арқылы әртүрлі ісік ауруларын емдеудің инновациялық әдістемелерін енгізу жөнінде бірлескен жобаларды іске асыру жоспарланып отыр.