2025 жылғы 18–22 тамыз аралығында Ұлытау облысына Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының мамандар тобы іссапармен келді. Сапардың мақсаты – өңір тұрғындарына білікті онкологиялық көмек көрсету және медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру.
Іссапар аясында жоғары санатты онкомаммолог-дәрігер Марат Исмаилов сүт безіне секторлық резекция жасау бойынша екі сәтті операция өткізді. Науқастар – бұған дейін сол жақ сүт безінде фиброаденома анықталған 19 және 40 жастағы жергілікті тұрғын әйелдер.
Маңыздысы – операцияға дайындық, барлық қажетті талдауларды тапсыру және хирургиялық араласудың өзі Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында тегін жүргізілді.
Бұған дейін пациенттер Қарағанды облыстық онкологиялық диспансерінде операцияға дайындалған болатын. Дегенмен, мамандардың Ұлытауға іссапармен баруы оларға өз тұрғылықты жерінде көмек алуға мүмкіндік берді. Хирургиялық араласулар сәтті өтті. 19 жастағы қыздан көлемі 6×7 см ісік алынса, 40 жастағы әйелден 1,5×2,5 см көлеміндегі түзіліс алынды.
Фиброаденома – қатерсіз ісік, алайда оны дер кезінде алып тастау қажет. Уақтылы емделмеген жағдайда бұл түзіліс обырға дейінгі дертке айналуы мүмкін.
Бүгінде сүт безі обыры Ұлытау өңіріндегі онкологиялық аурулардың ішінде алдыңғы орында тұр. Бұл дерт тек егде жастағы әйелдерде ғана емес, жастар арасында да жиі анықталуда.
Дәрігерлер барлық әйелдерді жүйелі түрде тексеруден өтіп, мемлекеттік бағдарлама аясында қолжетімді тегін скринингтерді өткізіп алмауға шақырады.
Денсаулығыңызды күтіңіз – дәрігерге дер кезінде қаралу өміріңізді сақтап қалуы мүмкін.