948
2025 жылы 21-22 сәуірде «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ-да (ҚазОРҒЗИ) телепатология жүйесін дамытуды қоса алғанда, онкологиялық аурулар диагностикасына цифрлық технологияларды енгізу жөніндегі ынтымақтастық шеңберінде түріктің биотехнологиялық Miray Biotech компаниясының делегациясымен кездесу өтті.
Бұл кездесу екінші рет өтіп отыр. Кездесу барысында тараптар морфологиялық және молекулалық-генетикалық диагностика саласындағы қазіргі инфрақұрылымға кешенді баға беріп, патоморфологиялық бөлімшелерді жаңғырту бағыттарын талқылады және орнықты телепатология жүйесін қалыптастыратын басым қадамдар жөнінде келісімге келді. Зертханалық-диагностикалық бөлімшелерді жарақтандыру және кадрлық әлеует мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
Бағдарлама аясында институттың бейінді бөлімшелеріне бару, жұмыс кеңестерін өткізу, сондай-ақ диагностикалық блоктарды әрі қарай жарақтандыруға қойылатын талаптар мен техникалық шешімдер тізбесін бірлесіп әзірлеу көзделді.
2025 жылдың мамыр айында Түркияның Prof. Dr. Cemil Taşcıoğlu Şehir Hastanesi клиникасында жоспарланған қазақстандық патоморфолог дәрігерлерге арналған оқыту бағдарламасын ұйымдастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Телепатологияны енгізу Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау жүйесіне айтарлықтай пайда әкеледі деп күтілуде. Ең алдымен, бұл — еліміздің барлық өңірлеріндегі пациенттер үшін морфологиялық диагностикаға қолжетімділікті және сапаны арттыру. Жылдам әрі нақты және бірыңғай халықаралық стандарттар негізінде диагноз қойылатын болады. Бұдан бөлек, тәжірибе алмасу және жаһандық сараптамаға тұрақты қолжетімділік есебінен, цифрландыру нәтижелерді алу мерзімін қысқартып, жүктемесі көп орталықтардағы дәрігерлердің жұмысын жеңілдетуге және мамандардың біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді.