Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың Түркияға жасаған ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру аясында Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының (Қазақ Онкология және Радиология ҒЗИ) басқарма төрағасы Ербол Бекмұхамбетов Түркияға сапармен барды. Түрік әріптестерімен өткен келіссөздер Қазақстандағы онкологиялық көмекті дамытуда жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.
Сапар аясында қазақстандық делегация Стамбұл қаласындағы төрт жетекші клиникада болды: Medipol Mega University Hospital, Başakşehir Çam ve Sakura Şehir Hastanesi, Prof. Dr. Cemil Taşcıoğlu Şehir Hastanesi және Medicana Mega Hospital. Кездесулер нәтижесінде келесі нақты келісімдерге қол жеткізілді:
- Қазақ онкологтарын оқыту. Жақын арада Қазақ Онкология және Радиология ҒЗИ бір топ дәрігері Түркиядағы медициналық мекемелерде тағылымдамадан өтіп, қатерлі ісікті диагностикалау мен емдеудің озық әдістерін меңгереді.
- Сандық патология. Қазақстанда қатерлі ісікті ерте кезеңінде дәл анықтауға мүмкіндік беретін қашықтан диагностика технологияларын енгізу жоспарланып отыр.
- Бірлескен ғылыми зерттеулер. Онкогенетика және дербестендірілген медицина саласында ынтымақтастық орнату жөнінде келісім жасалды. Бұл тиімді емдеу тәсілдерін енгізуге жол ашады.
- Ядролық медицина. Қатерлі ісікті анықтау мен емдеуді жақсарту мақсатында Қазақстанда радиофармпрепараттар өндірісін жергіліктендіру мәселесі қарастырылуда.
Еске сала кетейік, өткен айда ҚР Денсаулық сақтау министрінің Анкара мен Стамбұлға жасаған сапары барысында медициналық инфрақұрылымға инвестиция тарту, технологиялар алмасу және кадрлық әлеуетті дамыту жөнінде маңызды келісімдерге қол жеткізілген болатын.
Онкологиялық көмекті дамыту – екі ел арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі. Жеткен уағдаластықтарды іске асыру Қазақстанға заманауи технологияларды енгізуге, медициналық қызмет сапасын арттыруға және науқастардың сауығу мүмкіндігін көбейтуге мүмкіндік береді.