Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 15 желтоқсандағы
№ 2136 қаулысымен
бекітілген
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің
тізбесі
- Жалпы ережелер
- Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (бұдан әрі – ТМККК) бюджет қаражаты есебінен Қазақстан Республикасының азаматтарына және оралмандарға ұсынылады және барынша дәлелденген тиімді профилактикалық, диагностикалық және емдік медициналық қызметтерді қамтиды.
- ТМККК-ге:
1) жедел медициналық көмек пен санитариялық авиация;
2) мыналарды:
медициналық-санитариялық алғашқы көмекті (бұдан әрі – МСАК);
медициналық-санитариялық алғашқы көмек маманының және бейінді мамандардың жолдамасы бойынша консультациялық-диагностикалық көмекті (бұдан әрі – КДК) қамтитын амбулаториялық-емханалық көмек;
3) шұғыл айғақтар бойынша – жолдаманың бар-жоғына қарамастан, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) айқындайтын жоспарланған көлем шеңберінде МСАК маманының немесе бейінді мамандардың жолдамасы бойынша стационарлық медициналық көмек;
4) МСАК маманының немесе бейінді мамандардың жолдамасы бойынша стационарды алмастыратын медициналық көмек;
5) қалпына келтіріп емдеу және медициналық оңалту;
6) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген халық санатына паллиативтік көмек және мейіргер күтімі кіреді.
- ТМККК тізбесі
- ТМККК шеңберінде жедел медициналық көмек:
1) шұғыл айғақтар бойынша медициналық көмек көрсетуді;
2) шұғыл айғақтары бойынша пациенттерді медициналық ұйымдарға жеткізуді;
3) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен немесе жергілікті атқарушы органмен келісім бойынша аудандық, облыстық, республикалық маңызы бар бұқаралық іс-шараларды (қоғамдық, мәдени-бұқаралық, спорт және басқа) медициналық қамтамасыз етуді қамтиды.
- ТМККК шеңберіндегі санитариялық авиация:
1) пациенттің тұрған жеріндегі медициналық ұйымда қажетті ресурстардың болмауына байланысты медициналық көмектің тиісті деңгейін көрсету мүмкін болмаған кезде халыққа шұғыл медициналық көмек көрсетуді;
2) авиакөлік және автокөлік құралдарымен білікті мамандарды межелі жерге жеткізуді немесе пациентті тиісті медициналық ұйымға тасымалдауды қамтиды.
- ТМККК шеңберіндегі амбулаториялық-емханалық көмек МСАК, КДК қамтиды және осы ТМККК тізбесіне қосымшаға сәйкес көлемде ұсынылады.
- Жоғары мамандандырылған және жаңа технологиялар пайдаланылатын медициналық көмек денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) бекітетін тізбеге сәйкес амбулаториялық-емханалық ұйым (бұдан әрі – АЕҰ) маманының жолдамасы бойынша көрсетіледі.
- ТМККК шеңберіндегі стационарлық көмек уәкілетті орган белгілеген стандарт палаталарда қосымша сервистік қызметтер (теледидар, телефон, тапсырыс бойынша тамақ және т.б.) ұсынусыз жүзеге асырылады.
- Стационарлық көмек түрінде көрсетілетін ТМККК уәкілеттік орган бекітетін түрлер мен көлемдерге сәйкес:
1) мамандардың, оның ішінде телемедициналық коммуникацияларды пайдалана отырып, тексеріп-қарауын, консультация беруін;
2) денсаулық сақтау саласындағы стандарттарға сәйкес зертханалық және аспаптық зерттеулерді;
3) медициналық қызметтерді (ақылы қызметтерді қоспағанда), медициналық айғақтар бойынша дәрілік формулярларға сәйкес дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді;
4) медициналық айғақтар бойынша қан және оның компоненттері препараттарымен қамтамасыз етуді;
5) үш жасқа дейінгі, сондай-ақ дәрігерлердің қорытындысы бойынша қосымша күтіп-бағуға мұқтаж ересек, науқасы ауыр балаларды күтіп-бағуды тікелей жүзеге асыратын анасына (әкесіне) немесе өзге адамға еңбекке уақытша жарамсыздық туралы парақ бере отырып, онымен медициналық ұйымда бірге болу мүмкіндігін жасауды;
6) бір жасқа дейінгі баланы емізетін ана баланы күтіп-бағу үшін медициналық ұйымда болған барлық кезеңде тегін тамақпен қамтамасыз етуді;
7) балалар және азаматтардың әлеуметтік тұрғыдан осал санаттары үшін кеш оңалтуды қоса алғанда, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарттарына (бұдан әрі – стандарт) сәйкес ерте және жалғастырылатын медициналық оңалтуды;
8) балалар стационарлық медициналық ұйымдарында ойнау, демалу және тәрбие жұмыстарын жүргізу үшін қажетті жағдайлар жасауды;
9) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген халық санаты үшін паллиативтік көмек және мейіргер күтімін қамтиды.
- ТМККК шеңберінде стационарды алмастыратын медициналық көмек:
1) мамандардың тексеріп-қарауын, консультация беруін;
2) медициналық қызметтерді (ақылы қызметтерді қоспағанда), медициналық айғақтар бойынша дәрілік формулярларға сәйкес дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді;
3) стандарттарға сәйкес физио ем-шараны және емдік дене шынықтыруды қоса алғанда, айғақтар бойынша азаматтардың барлық санаттары үшін ерте және жалғастырылатын медициналық оңалтуды қамтиды.
- ТМККК шеңберінде патологоанатомиялық бюроның (бөлімнің) қызметтері:
1) паталогоанатомиялық ашуды;
2) операциялық және биопсиялық материалдарды гистологиялық зерттеуді;
3) цитологиялық зерттеулерді қамтиды.
- ТМККК тізбесінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен және айғақтар болған кезде Қазақстан Республикасының азаматтарын шетелде емдеу қамтылады.
- ТМККК көрсету үшін дәрілік заттармен қамтамасыз ету медициналық ұйымдар бекіткен және белгіленген тәртіппен уәкілетті органмен келісілген дәрілік формулярларға сәйкес:
1) жедел/кезек күттірмейтін/шұғыл медициналық жәрдемді;
2) эпидемиялық айғақтары бойынша жұқтыру қаупі кезінде антирабикалық көмекті;
3) айғақтар бойынша санитариялық-профилактикалық және санитариялық-эпидемияға қарсы көмекті;
4) иммунопрофилактиканы/вакцинациялауды;
5) стационарлық және стационарды алмастыратын көмек көрсету кезінде жүзеге асырылады.
- ТМККК шеңберінде амбулаториялық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету уәкілетті орган бекіткен айғақтар және МСАК маманының рецептісі бойынша белгілі бір аурулары (жай-күйі) бар халықты тегін қамтамасыз ету үшін дәрілік заттардың және медициналық мақсаттағы бұйымдардың және мамандандырылған емдік өнімдердің тізбесіне сәйкес жүзеге асырылады.
- ТМККК шеңберіндегі медициналық көмек кіші инвазивтік технологияларды пайдалана отырып, емдік-диагностикалық қызметтерді де қамтиды.