2020 ЖЫЛЫ ОНКОЛОГИЯҒА ШАЛДЫҚҚАНДАР 11,4% ТӨМЕНДЕДІ

2020 ЖЫЛЫ ОНКОЛОГИЯҒА ШАЛДЫҚҚАНДАР 11,4% ТӨМЕНДЕДІ

2020 жылдың қорытындысы бойынша республикада 100 мың тұрғынға шаққанда қатерлі ісікпен сырқаттану 173,5-ті құрады. Абсолютті түрде 32 526 жаңа жағдай анықталды. Сырқаттанғандар саны 11,4% төмендеді. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ Басқарма төрайымы, ҚР ДСМ бас онкологы, ҚР ҰҒА академигі, м.ғ. д. Диляра Қайдарова хабарлады.

«2020 жылы онкологиялық науқастар контингенті 190 159 науқасты құрады. Онкологиялық аурулар құрылымында бірінші орында сүт безі обыры – 13,2%, екінші орында өкпе обыры – 10,4%, үшінші орында колоректальды қатерлі ісік 9,6%. Ауырғандардың 56% еңбекке қабілетті жастағы адамдар», – деді Д.Қайдарова.

Онкологиялық науқастардың электрондық тіркелімінің деректері бойынша қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім көрсеткіші 2020 жылы 100 мың тұрғынға шаққанда 75,5 немесе 14 150 жағдайды құрады. Өлім-жітімнің төмендеуі 0,7% құрады. Өлім-жітім құрылымында бірінші орында – өкпе обыры – 16,4%, екінші орында-асқазан обыры немесе 11,5%, үшінші орында-колоректальды қатерлі ісік 10,7% және сүт безі обыры-7,8%.

ҚР ДСМ Бас онкологы Қазақстанда онкологиялық көмекті жетілдіру Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының және Қазақстан Республикасында онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған Кешенді жоспардың міндеттерін іске асыру шеңберінде жүзеге асырылып жатқанын еске салды.

Ересек тұрғындарға онкологиялық көмекті республикалық ұйымдар – «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ (ҚазОРҒЗИ), «Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық» АҚ көрсетеді, өңірлерде – 15 онкологиялық диспансер/орталық, 5 онкологиялық бөлімше және 452 онкологиялық кабинет жүзеге асырады, Жамбыл облысының Тараз қаласында жаңа онкологиялық орталықтың құрылысы аяқталуда.Бұдан басқа, 2021 жылы Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың құрылысы аясында Нұр-Сұлтан қаласында ПЭТ-орталығын іске қосу жоспарлануда. Шымкент қаласында ПЭТ-орталығын ұйымдастыру 2021 жылы МЖӘ аясында жоспарланып отыр. Шығыс Қазақстан облысында «Семей қаласының ядролық медицина және онкология орталығы» ШЖҚ КМК құрылысын аяқтау шеңберінде ПЭТ-орталығын 2021 жылы пайдалануға беру жоспарлануда.