Қазақстандық делегация Женевадағы Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ассамблеясының 75-ші сессиясының жұмысына қатысты

Қазақстандық делегация Женевадағы Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ассамблеясының 75-ші сессиясының жұмысына қатысты

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният бастаған қазақстандық делегация Женевадағы Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ассамблеясының 75-ші сессиясының жұмысына қатысты. Делегация құрамында сессия жұмысына ҚР ДСМ штаттан тыс бас онкологы, «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ Басқарма Төрайымы Д.Р. Қайдарова қатысуда.
Сессия барысында қазақстандық делегация ДДҰ бас директорының орынбасары Жужанна Якабпен және ДДҰ-ның МСАК жөніндегі арнайы бағдарламасының директоры Сурайя Далильмен кездесті.
Кездесудің нәтижесі ұлттық және халықаралық деңгейлерде мүдделерді ілгерілетуге жәрдемдесу жөніндегі уағдаластық болды.

Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Орталық Азия елдерінің денсаулық сақтау министрлерінің және ЕвроДДҰ-ның өңірлік директоры Ханс Клюге қатысқан кездесуге қатысып , онда қатысушыларды дипломатиялық қатынастардың 30 жылдық мерейтойымен құттықтап, елдеріміз арасындағы өзара тұрақты байланыстың дамуына қол жеткізу жөніндегі күш-жігерді біріктірудің маңыздылығын атап өтті. Министр МСАК-ты қоса алғанда, денсаулық сақтау жүйесіне міндетті түрде инвестициялай отырып, 2025 жылға дейін Орталық Азияда денсаулық пен амандықты қолдау жөніндегі Жол картасын әзірлеу қажеттігін қолдады.
Сондай-ақ, Ассамблея аясында Иордания ханшайымы және (UICC) Қатерлі ісікпен күрес жөніндегі халықаралық одақтың басшысы Дина Майредпен және IARC (Қатерлі ісікті зерттеу жөніндегі халықаралық агенттік) Президенті, доктор Элизабет Вадерпасспен кездесу өтті.
ҚР ДСМ штаттан тыс бас онкологы Д.Р. Қайдарова шетелдік әріптестерімен әйелдер арасында жатыр мойны обырының эпидемиологиясы, скринингі, емі, сондай-ақ АПВ-ға қарсы вакциналау мәселелерін талқылады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының жетпіс бесінші сессиясы «Бейбітшілік үшін денсаулық, денсаулық үшін бейбітшілік» тақырыбында денсаулық сақтауды қалпына келтіру және жаңарту мүддесі шеңберінде өтеді. Денсаулық сақтау ассамблеясы тамақ қауіпсіздігі, ауыз қуысының денсаулығы, туберкулез саласындағы зерттеулер мен инновациялар саласындағы жаһандық стратегияларды талқылайды. Сессияда сондай-ақ ДДҰ жұмыс тобының тұрақты қаржыландыру жөніндегі баяндамасы талқыланады. Талқылауға арналған басқа негізгі тақырыптар:
– Денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайларға ДДҰ-ның әзірлігін және ден қоюын нығайту
– инфекциялық емес аурулардың алдын алу және оларға қарсы күрес жөніндегі жаһандық іс-қимыл жоспарын жүзеге асыру жөніндегі 2023-2030 жылдарға арналған Жол картасы
– 2022-2031 жылдарға арналған эпилепсиямен және басқа неврологиялық бұзылулармен күрес жөніндегі сектораралық жаһандық іс-қимыл жоспары.
– жыныстық қанаудың, зорлық-зомбылықтың және қысым көрсетудің алдын алу
– полиомиелит
– «денсаулық әлем мүддесі үшін» жаһандық бастамасы.